Мұнайлы ауданында Ф.Оңғарсынова атындағы мәдениет үйінде жергілікті әкімдіктің қолдауымен «Менің атым — Ұзақбай…» атты жыр кеші өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жыр-термешілердің кәусар бұлағынан сусындатқан шара Маңғыстау өңірінен шыққан жыршының бірі, Адайдың Қырымқұл ауылының перзенті, халыққа ақындық, жыршылық өнерімен танылып, жұртшылықтың қошеметіне бөленген Ұзақбай Қазжанұлының шығармашылығына арналды.
Шараны өңірге белгілі «Сөз бен саз» бағдарламасының авторы әрі редакторы, ақын Бердіхан Әлмен тізгіндеді.
Жыр кешінде көркем өнердің көркін қыздырған Бекенжан Ертөлеп, Нұрлан Мақсұтов, Қайырбек Теңел, Жүзімгүл Рейпназарова, Бүркіт Елбаев, Жансұлу Әбдімәжит, Әділ Аяпберген сынды жыршылар көзі қарақты көрерменнің құлақ құрышын қандырды.
Сахнаның шымылдығы ақын Сабыр Адайдың «Маңғыстау» атты шығармасымен ашылды. Туындыны Әділ Аяпберген нақышына келтіріп, әуелетіп орындап берді.
Одан әрі жыршылар кезек-кезегімен Сәттіғұл мен Сүгірдің, Өмір Қараұлы мен Ұзақбай Қазжанұлының өсиет-термелерінен жыр айтты.
Жан-жақтан келген жыршы-термешілердің өнерін ортаға салған шарада аудан әкімінің орынбасары Н. Мұстафаев аудан әкімінің атынан құттықтау сөз сөйлеп, бұл іс-шараның маңызына тоқталып өтті. Жыр кешін өткізуге атсалысқан азаматтарға, өнер ұжымдарына жылы лебізін жеткізіп, рақмет айтты.
Әсем әуен, сырлы саз, мың құбылған мақам көпшілік көрерменнің көңілін бір көтеріп тастады.