Кендірлі ауылының мәдениет үйінде әуесқой әртістер алғаш рет сахналық қойылым қойды, деп хабарлайды Caspiantoday.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Актерлік шеберлігін шыңдап жүрген талантты өнерпаздар Тахауи Ахтановтың «Ант» шығармасын сахналады. Кендірлі мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Алина Кенжеғалиеваның айтуынша, спектакльге 60-қа жуық әртіс қатысып, өнер көрсетті. Олардың ішінде мектеп оқушыларымен қоса, мұнайшы, мұғалім мамандары, домбырашылар мен жыршылар бар.
— Қойылым дайындығына 2 ай уақыт кетті. Шығарманы оқи отырып, әрбір әртіске өзіне сай рөлдерді ұсындық. Әртүрлі маман иесі болса да қабілеттерін шыңдап, бақтарын сынап бүгінгі спектакльге атсалысты. Сырттан барлығы оңай көрінгенімен жұмыс барысы көп еңбекті талап етті. Әртістер қатарында жасы үлкен апалар да болды. Халықтың көңілін марқайтып, ауылымыздың мәдениетін дамыту мақсатында қолымыздан келгенді аянбадық, — деді Алина Кенжеғалиева.
Кендірлі ауылының 300 орындық мәдениет үйі бір жыл бұрын халыққа есігін айқара ашты. 73 қызметкері бар мәдени орта бүгінде жұмысын қарқынды жалғастыруда. Кендірлі мәдениет үйінің директоры Өркен Туебаев жас таланттарды өнерге баулитын театрдан бөлек 14 000 кітап қоры және 45 оқырманға арналған орны бар кітапхана іске қосылғанын айтып өтті.
— Ауыл жастары үшін қала берді қаламыз үшін бұл мәдениет үйі үлкен мүмкіндік. Жастарды өнерге баули отырып, білімділігін арттыратын орда ауылымыздың мәдени көркеюіне үлесін қосып жатыр. Жоғары деңгейге өсіп жатқан өнерпаздар мен ауыл тұрғындарын көргенде қуанышымызды жасыра алмаймыз. Бұндай мәдени орындар өркениеттің өрістеуіне әсері мол, — деді Өркен Туебаев.