Тексеру нәтижелері тұрғын үй кешені жұмыс жобасынсыз және сараптаманың оң қорытындысын алмай салынғанын көрсетті. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы осы құрылысты заңсыз деп тану туралы талапты қанағаттандырған сотқа жүгінді, деп хабарлайды Caspiantoday.kz сайты Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының ақпараты бойынша,
құрылысқа қажетті рұқсатнама құжаттарынсыз және жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталмай жүргізілген. Бұл «Қазақстан Республикасындағы сәулет қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңына қайшы келеді (68-бап).
Құрылыс салушыға құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру туралы нұсқама берілді және ҚР ӘҚБтК-нің 316, 321 және 463-баптарына (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс) сәйкес әкімшілік жазалау шаралары қабылданды.
— Ақтауда қажетті рұқсатнама құжаттарынсыз заңсыз салынған құрылыс нысандары қатаң тексерілуде. Көптеген талап арыздар заңсыз құрылысты тоқтату мақсатында сотқа жіберілді. Сондай — ақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәжбүрлеп бұзу шаралары қабылданады,-деді Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.
Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы заңсыз құрылыстарды сүру мақсатында Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында сот рәсімдеріне бастамашылық жасады.





