22 мамыр Ақтау қаласында Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығына арналған «Дала дидары» атты көшпелі өнер ұжымының концерті өтті.
Шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, БҚО Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы Бауыржан Халиолла, өңірдегі әдебиет саласының майталмандары мен зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Қадыр Мырза Әлі Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың, «Тарлан», «Парасат» сыйлықтарының және I дәрежелі «Достық» ордендерінің иегері, қазақ балалар әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан ақын. Ал оның таңдамалы шығармалар жинағы 16 томды құрайды.
Оның қаламынан шыққан 50-ден астам аудармалар мен сыни мақалалар, жинақтар бар. Ақынның көптеген өлеңдері орыс, неміс, ағылшын, француз, фин, литва, қырғыз, татар тағы басқа көптеген тілдерге аударылған.
— Өлеңдері қазақтың ұлттық қазынасына айналған Қадыр Мырза Әлі балаларға арналған әдебиет пен шығармашылықтың дамуына зор үлес қосты. Мен мұндай адамдардың ешуақытта ұмытылмай, есімдері әрдайым есте болатынына сенімдімін. Ол қазақ тілінде жазса да, оның шығармашылығымен көптеген елдерде таныс, өйткені оның жыр жинақтары орыс, неміс, литва, эстон, қырғыз, татар және басқа тілдерге аударылған. Ол 50 — ге жуық поэтикалық жинақ пен 200-ге жуық өлең жазды, әсіресе балалар шығармашылығын дамытуда үлкен жұмыс атқарды, — деді өңір басшысы Нұрлан Ноғаев.
Шарада ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәлі бастаған таланттар өнер көрсетті.